Маңғыстау облысында алғаш рет тұрмыстық химия өнімдері шығарылды HD
Маңғыстау облысында сұйық сабын, ыдыс, әйнек жууға арналған сұйықтық пен сантехниканы тазалау бұйымдарын өндіретін шағын зауыт іске қосылды. Сондай-ақ тәулігіне 24 тонна макарон шығаратын кәсіпорын ашылды. Өңір халқы үшін қажет жобалар мемлекеттің қолдауымен іске асқан. Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылында тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін цехтың іске қосылуы жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарының мәселесін шешуге жәрдемтесті. Мұнда қазір онға жуық адам еңбек етіп жатыр. Олар алдымен оқытылып, жаңа кәсіпті меңгерген соң жұмысқа кірісті. Ақжарқын Шоғаева, жұмысшы: -Екі айдан бері сұйық сабынды шығаруды бастадық. Менің жұмысым осы сұйық сабынды құйып, аузын жауып тұру. Біз күніне 2 мың данадан құямыз. Бұл өнім шие иісімен шығарылып, адам терісін кептірмейді. Мұнда қазір сұйық сабын, ыдыс пен әйнек жууға арналған сұйықтық сияқты 12 түрлі тұрмыстық химия өнімдері шығарылуда. Айына 30 тонна өнім өндіре алады. Қажетті шикізаттың басым бөлігі елімізден алынуда. Отандық өнім жақын күндері Алматы, Астана мен Батыс Қазақстан облыстарының нарығына жол тартады. Бауыржан Ысқақов, кәсіпкер: -Біз өндірісті іске қосу үшін «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден жеңілдетілген несие алдық. Пайыздық үстеменің 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Бұл ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Мемлекеттің қолдауымен іске қосылған тағы бір кәсіпорын – Ақтаудағы макарон өнімдерін шығаратын зауыт. Мұнда 45 адам еңбек етіп жатыр. Зауыттағы құрал-жабдықтар толық автоматтандырылған. Өзі илеп, өзі кесіп, барлығын өзі дайындап шығарады. Тәулігіне 24 тонна макарон өндіріп, аймақ халқын толық қамтып отыр. Жақында Бейжіңде өткен азық-түлік көрмесіне барып келген зауыт директоры көрші елмен келісім жасасыпты. Алдағы күзден бастап, қытайлар Ақтаудың макарондарын сатып алады. Айтжан Сауғабаев, зауыт директоры: -Бейжіңде өнімдерімізді көрсеттік. Алдын ала ол жаққа өзіміз шығарған өнімдерімізді жібердік. Ол бір ай сонда карантиннен өтті. Олар біздің апарған өнімдерімізді түгелдей зартханасынан өткізіп, бізге сертификат берді. Сертификат халықаралық болып табылады. Өйткені біздің өнімдеріміздің құрамында ешқандай химиялық зат жоқ, біздің Қазақстанның таза ұнынан жасалған өнім. Биыл жаңа кәсіп ашуға ниеттілер саны артып отыр. «Даму» қоры өңірдегі 65 жобаны субсидиялау шартына қол қойған. Оның 70 пайызы Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында іске асады. Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев