Кәсіпкер 8 балалы отбасыға пәтер сыйлады
Үйленгелі жалдамалы үй жағалап жүрген Байдешовтер отбасы бүгін баспаналы болды. Сегіз баласы бар жанұяға екі бөлмелі пәтерді жергілікті кәсіпкер сыйлады. Малшы лашығында қысты үреймен күтіп отырған отбасы мұндай көмекті күтпеген де еді. Сегіз баласы бар отбасы Алға ауданы, Қайыңдысай ауылындағы мал базасының жұмысшыларына арналған екі бөлмесінде тұрып жатқан. Қуықтай үйдің төбесі тесік, адам қыстайтындай жағдайда емес еді. Тұрмысы қиын жанұя туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылды. Сондай сюжеттердің бірін жергілікті кәсіпкердің көзі шалған. "Емшан" компаниясының президенті, әрі облыстық мәслихат депутаты Мейіржан Өндіргенов ұжымымен ақылдасып, баспанасыз жүрген отбасыға Жаңақоныс ауылынан 2 бөлмелі пәтер сыйлауды жөн деп шешті. Отыз жасында сегіз құрсақ көтеріп, елдегі ең жас "Батыр ана" атанған Айсәуленің қуанышында шек жоқ. 54 шаршы метр пәтердің әр бөлмесін аралап, жаңа үйге көшкендеріне сенбей жүр. Балалары енді жылы, жайлы жерде тұрып, алаңсыз сабақтарын оқитын болды. Кәсіпкер балалардың үлкенін мектепке, кішісін балабақшаға орналастыру мәселесін де шешіп бермекші. Ал, үй иесі "Автопарк" мекемесіне жұмысқа алынады. Байдешовтер отбасы қазір тоғызыншы сәбидің дүниеге келуін күтіп жүр.
Похожие видео
Показать еще