Бас қаланың әкімдігіне бір сәтте екі түрлі наразы топ жиналып, наразылық білдірді
Заң бар - бірақ орындалмайды. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне екі түрлі мәселе бойынша арыздана келген азаматтардың пікірі осындай. Бірінші наразы топ - коронавирус кезінде төленетін үстемеақыларын ала алмай жүрген медицина қызметкерлері болса, екіншілері - мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға тегін баспана берілмей жатыр деп шағымданып отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар үй кезегі жылжымай қойды деп наразы. Кейбірі тіпті 15 жылдан бері баспанасына жете алмай жүр екен. Әкімдік өкілдері 2 пайыздық жеңілдетілген ипотекамен үй алуды ұсыныпты. ҚЫМБАТ КЕРЕЙБАЙ, Мүмкіндігі шектеулі баланың анасы: – Ол бағдарламаларға ипотека төлеу керек. "Біз жұмыс істемесек қалай аламыз ол ақшаны?" деп айтамыз. Бізге ол қолжетімсіз бағдарламалар. Ал, заңгерлер халықаралық конвенцияның шарттарында да, Қазақстанның мүгедектер туралы заңында да мүмкіндігі шектеулі азаматтар тегін баспанамен қамтамасыз етілуі керек деп жазылғанын алға тартып отыр. Шенеуніктер оны білмейтін сыңайлы. ДӘУРЕН БАБАМҰРАТОВ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі: – Мен енді заңгер емеспін. Заңның ішін талқылай алмаймын. Бірақ, дәл қазіргі қалыптасқан жағдай бойынша 2 категория ғана бөлек үй кезегінде тұрады. Ол - көпбалалы отбасылар және жетім балалар. Ал, одан басқа категориялардың барлығы қазіргі таңда жалпыға ортақ бір кезектің ішінде. Ашынған ананың сауалынан әкімнің кеңесшісі "заңды қабылдайтын депутаттар шешуі керек" деген жауаппен құтылды. Осы кезде әкімдік ішінде тағы бір наразы топ заңды ақшаларын даулап жатты. Коронавируспен күрес кезінде берілуі тиіс үстемеақыларын ала алмай жүрген жедел жәрдем қызметкерлері екен. АЛУА БЕКБОТА, Нұр-Сұлтан қалалық жедел жәрдем бекетінің қызметкері: – Карантин кішкене әлсіреген уақытта тамыз айынан бастап бізге үстемеақы төленбей қойды. "Сендер кірмейсіңдер. Тізімге тек бригадалар кіреді" деп. Сонда біздің атқарған жұмысымыз қайда қалды? Олардың арызын тыңдауға шыққан қала атқамінерлері "министрлікпен ақылдасып шешпесек, біздің қолымызда билік жоқ" деген сырғытпа жауаппен шығарып салды. Медицина қызметкерлері амалсыз президенттің атына үндеу айтты. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31
Похожие видео
Показать еще