Шал Ақын. Иман–қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері.
Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) 1748 жылы Көкшетау жерінде (Ақмола облысының, Азат темiр жол станциясының маңында) дүниеге келген. Ақынның ес біліп, есейген өңірі — қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы. Әкесі – орта жүздің қолбасшысы, Абылай ханның жақын серігі болған, қазақ-қалмақ соғысына қатысқан атақты батырлардың бірі – Құлеке Тәңiрбердiұлы. Ал, анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы. Тілеуке жастайынан ақындық өнерімен елге танылып, халық оны Шал ақын атап кетеді. Өйткені, ол балалық шағында тілге шешен, тапқыр, зерек, ойға жүйрік болатын. Балауса кезінен-ақ өлең шығарып, үлкендерше сөйлеп, төрде отырып төрелік айтқан. Зерттеушiлер оның қаршадайынан Шал ақын ретінде танылуын ел аузында тараған осы оқиғамен байланыстырады: Әйгiлi хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Бiрде Құлеке атын сұрай барғанда баласы Шалды ертiп әкеледі. Хан баланың көзiнше: «Iшi боқ, сырты түк, сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?» деп қойып қалады. Ал, таңертең ерте тұрған Тілеуке ханның отарға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап алып бара жатқанын көріп қалады. Бала ақын кетерiнде қысылмай: «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң, Болмайды қойға пана тал дегенiң. Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап, Хан ата, қалай екен мал дегенiң? Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi, Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi. Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен, Хан ата, қалай екен малдың күшi?» деп ханның малжандылығын өлеңдетiп бетiне басады. Сөзден ұтылған хан Құлеке батырға: «Мына балаң маған үлкен адамдарша сөйледі, тумай жатып қартайған бірдеңе ғой» деп, оның бәйге атын қайтарып, оған қоса бір жылқы беріпті. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң Шал ақын деген атын шығарған екен. ХҮІІІ ғасырдың белгілі тұлғасы болған Шал ақын жақсылықты жырлайды, мұсылмандарды құлшылыққа, өмірді мәнді өткізуге шақырады. Дін исламды насихаттап, жастарды адамгершілікке тәрбиелейдi.
Похожие видео
Показать еще