Көкшетауда жаңа туған сәбиін құшақтаған жас ана екінші қабаттан секіріп кеткен
Жаңа жылдың алғашқы түні Көкшетауда жаңа туған сәбиін құшақтаған жас ана екінші қабаттан секіріп кеткен. Оқыс оқиға облыстық перзентхананың өзінде болған. Белгілі болғандай, жас келіншек облыстық қылмыстық атқару жүйесінің жедел уәкілі екен. Қазір оның мұндай қадамға баруына не себеп болғандығын тәртіп сақшылары анықтау үстінде. 28 жастағы жас ана желтоқсанның 28 -і күні босанған. Алғашында барлығы ойдағыдай делінгенімен бірер күннен соң баланың бойынан аздаған ми ишемиясы анықталып, анаға паталогия бөлімшесінде ем алу ұсынылады. Дәрігерлердің кеңесін құп алған келіншек жаңа жыл күні сәбиімен аталған бөлімшеге ауысады. Бірақ, неге екені белгісіз екінші күні таңертеңгі сағат оннан аса көрші келіншек шығып кеткен кезде аурухананың екінші қабатының терезесін сындырып, нәрестесін құшақтаған күйі сыртқа секіреді. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Бірақ, әлі де ауруханада. Ал, оң аяғының жіліншігі мен өкше сүйектерін сындырған жас анаға ота жасалды. Дәрігерлер оның денсаулығын орташа деңгейде деп отыр. Айымгүл Маханова, Ақмола облыстық перинаталды орталығының бөлім меңгерушісі: Мен оқиға болған күні аурухана бойынша жауапты дәрігер болатынмын. Біз даладан ана мен баланы өз қолымызбен көтеріп ішке кіргіздік. Ана бірден жан сақтау бөлімшесіне жеткізілді. Сол сәтте ол ес түссіз күйде болатын. Аяқтары мен табандары күп болып ісіп кеткен. Бірден облыстық аурухананың дәрігерлерін шақырттық.