«Ұлы Дала Жорығы» күнделігі. Төртінші күн: Ұлытауға 43 тұлпар жетті HD
21 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафонының төртінші кезеңінде шабандоздар 400 шақырым межені басып өтіп, Ұлытау облысы Алғабас ауылдық округінде аялдады. ⠀ Марафон-бәйгенің алғашқы төрт күндік нәтижесі бойынша Маңғыстау облысының командасы әлі де алда келеді. Олардың жалпы уақыты – 36 сағат 52 минут. Ақтөбе облысының шабандоздары 37 сағатта екінші болып, Шымкент қаласының командасы 37 сағат 14 минут көрсеткішпен үшінші болып келе жатыр. Барлық командалардың көрсеткіші qazanat.com сайтында жарияланып, күн сайын жаңартылып отыр. ⠀ Жарыстың 400 шақырымдық межесін еңсеру командарлар үшін қиынға түсті. Төрт күн бұрын елордадан 19 команда аттанған болса, Ұлытау топырағына 11 команда жетті. ⠀ Маңғыстау, Ақтөбе мен Жетісу командалары толық құраммен келе жатыр. Ереже бойынша, жүлделі орынға ие болу үшін әр командада бес шабандоз болуы тиіс. Аттар жарамсыз болған не басқа да себепті жағдайда командаларға кемі үш шабандозбен жарысты жалғастыруға рұқсат етіледі. ⠀ Бес өңір – Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл, Абай, Қызылорда облыстарының құрама командаларында 4 шабандоз, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарының құрама командаларында 3 шабандоз қалды. ⠀ Осы орайда «The Great Steppe Tour» ұйымдастыру алқасының мүшесі Арман Абдоллаев жүлде қоры қалай бөлінетінін түсіндіріп берді. ⠀ «Ең алдымен, жаугершілік заманда көшпенділер ешқашан бір-бірін жолда қалдырмаған. Бұл марафон-бәйге де – жорық. Әр команда – кішігірім әскер. Сондықтан Ұлы дала жорықшылары кемі 3 шабандоздан кем болмауы керек. Екі қатысушымен мәреге жеткен команда жорыққа емес, өзара екі дос сейіл құруға шыққан сияқты көрінеді. Сондықтан ережеде «кемі үш шабандоз болуы тиіс» деп көрсетілген. Ал жүлде қоры жеңімпаз команда мүшелеріне теңдей бөлінеді. Бірінші орынға 30 миллион теңге болса, әр команда мүшесіне 6 миллион теңге тиесілі. Жеңімпаз команда мәреге толық құраммен келмей-ақ жүлделі үш орынның бірін иеленген жағдайда, оларға тиесілі жүлде қоры белгіленген тәртіппен пропорционалды түрде азаяды. Артылған қаражат осы жорықта ерекше қырынан көрінген басқа қатысушыларға арнайы номинация аясында тағайындалады», – деді ұйымдастырушы Арман Абдоллаев. Жобаның авторы Бақытжан Тұрлыбек жүйріктерін сынауға бел байлап, алған бетінен қайтпай отырған шабандоздар үшін арнайы ынталандыру сыйлықтары қарастырылатынын жеткізді. ⠀ «Олар өз тұлпарларының мықтылығын дәлелдеу үшін Түркістанға дейін баруға сұранып отыр. Мұндай аламан додада қазанаттар ғана емес, азаматтар да сынға түседі. Жүйріктер алғашқы 600 шақырымды басып өтіп, Жезқазғанға дейін жетсе, сол жерде бір рет ат ауыстыруға рұқсат береміз. Ал шабандоздар 1200 шақырымдық меженің соңына дейін жетуі тиіс. Біраз азаматтар командасы жарыстан шығып қалғанымен, марафонға ілесіп Түркістанға дейін баратынын айтты. Сондықтан жүлдеден дәметпестен жорықты жалғастыруды мақсат етіп отырған өр жігіттерге ынталандыру сыйлығын қарастырсақ дейміз» деген ол марафонды соңына дейін жеткізуге сұранып отырған қатысушылар Түркістанға дейін