Көне Сарайшықтың жаңа орны анықталып жатыр HD

17.08.2017
Атырау облысында орналасқан көне Сарайшық қаласының қағазға түскен сызбасы табылды. Бұған дейін 3/2 бөлігін Жайық өзені шайып кетті деп есептелетін. Енді табылған жаңа дерек бойынша қала орнында қайтадан қазба жұмыстары қолға алынды. Хан Ордалы Сарайшық Ұлы Жібек жолындағы аса сәулетті кіндік қала болған. Қазақ хандығының алғашқы астанасы туын тіккен жер. Ұзындығы 300, ені 50 метр жерде қазба жұмыстары күн санап қыза түсуде. Ғалымдар мен студенттер аршылған жердің топырағын сүзіп, әр тастың сырына үңілуде. Археологтар олжаға кезікті. Тереңдігі 1,5 метрден табылған XVII ғасырда соғылған тиындар мен әшекей бұйымдар мамандардың көңілін бірден аударды. Бақтыгүл Хасанова, археологиялық ғылыми зерттеу секторының меңгерушісі: -Бет жағынан орта ғасырлық монеталар табылып жатыр. Сонымен қатар қаптама плита табылды. Бұл енді сол уақытта үлкен ғимараттардың сыртын қаптаған, сырлы бояумен боялған тас. «Қазіргі аршылып жатқан орында Хан Сарайының ордасы және ауқатты адамдар қоныстанған шахирстан болуы мүмкін», – дейді мамандар. Себебі күйдірілген қыштан қаланған қабырға сынықтарының бедері мен безендірілуі ерекше. Тарихшылардың үмітін жаққан таяуда Мәскеу мұрағатынан табылған көне қала сызбасы болды. 1760 жылдары еліміздің батыс өңірін аралаған ресейлік ғалым-археолог Алексеев Сарайшық қаласының орналасу тәртібін, сақталған ғимараттарды анықтап белгілеп кеткен. Қазір ол картаны қазақстандық ғалымдар басшылыққа алуда. Марат Қасенов, археологиялық экспедицияның жетекшісі: -Біз қарастырған Сарайшық қаласының тең жартысынан көбін су шайып кетті деген жоба дұрыс болмай шықты. Өйткені карта бойынша Сарайшықтың 80%-ы толық сақталғанын көрсетіп отыр. Сол карта бойынша XVIII ғасырдағы бұрын біз тек аңыз деп жүрген көптеген нәрселердің жобасы анықталды. Ол картада Жәнібектің Секер көлінің орны, Хан көлі деген көлдердің орны белгілі болып отыр. Сонымен бірге Қасым ханның кесенесінің орны да осы картада жақсы көрсетілген. Арыстанбек Кенже, тілші: -Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деген қағидат қалдырған. XVI ғасырдың басында Сарайшықта алғашқы қазақ хандығының туын тіккен Қасым ханның осы маңайда жерленгені анықталса, ол Қазақстан тарихына қосылар қомақты үлес болары анық. Қазба жұмыстары қара күзге дейін жалғасады. Ол мақсатқа жергілікті бюджеттен 30 млн теңге қаражат қаралған. Келер жылы көне Сарайшықтың тарихын таңбалау әрі қарай жалғасады. Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Похожие видео

Показать еще