ШҚО-ның Шолпан ауылында сары ауруға қатысты жаңа деректер анықталды HD
Арнамыздың тілшілері Шығыс Қазақстанның шалғай ауылында сары ауру өршіп тұрғанын айтып, дабыл қаққаннан кейін Үржар ауданындағы Шолпан ауылына республикалық комиссия барды. Құрамында бірнеше құрылымның білікті мамандары бар топ жұқпалы ауруға байланысты жаңа деректерді анықтады. Әзірге 30-дан астам баланың ауырғаны нақтыланды. Енді ауылда емделген 19 баланың ресми мәліметтерге енбей қалуы, амбулаторлық карталарды қолмен түзету деректері бойынша жіті зерттеулер жүргізілмек. Сондай-ақ алдымен А гепатиті диагнозы қойылып, кейін дерті асқынып көз жұмған оқушы өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүреді. Болат Көкенайұлы, тілші: -1400-ге жуық тұрғыны бар Шолпан ауылында ширек ғасырдан бері сары ауру тіркелмеген екен. Ал 5 айдан бері жұрттан маза қашқан. Сырттан келген қонақтарды айтпағанның өзінде ауыл тұрғындары бір-бірімен құшақтасып амандасуға жүрегі дауалай бермейді.