Калачи ауылында ұйқыға кеткен адамдардың саны артуда
Ақмола облысы, Калачи ауылында «аты жоқ» ауру белең алып, есінен танып, ұйқыға кеткен адамдардың саны артуда. Алайда, түсініксіз дерттің нақты себебі әлі күнге белгісіз. Тіпті, елді мекенге арнайы комиссия жіберіп, тексеріс жүргізіп жатырмыз деген Денсаулық сақтау министрінің әзірге ешқандай жауабын естімедік. Бірнеше тәулік бойы ұйқыға кеткен тағы отыз сегіз адам ауруханадан емделіп шықты. Жағдайлары жақсарғанмен, дерттің қайталанбасына дәрігерлер уәде бере алмайды. Өйткені, қойылған нақты диагноз жоқ. Бұған дейін ауру "радиациялық уланумен байланысты болуы мүмкін" деп айтылып келген болжам да жоққа шығарылды. Он бір жастағы Рауан Әлібекова ұйқышылыдық дертіне шалдыққан калачилықтардың бірі. Айтуынша, кешқұрым аяғы мен қолы ұйып, көздерінің алды қарауыта бастаған. Құпия дертке тап болған тоғыз бен он үш жастағы оқушылардың көбі қазір өздерін жақсы сезінгенімен, ауру қайта белең алмау үшін, дәрігерлер оларды Бурабайдағы демалу орындарының біріне әкеліпті. РАУАН ӘЛІБЕКОВА, Калачи ауылының тұрғыны: Кешкісін аяқ-қолым қалтырап, басым ауырды. Артынша есімнен танып, құладым. Кейін қайта тұрдым. Сосын мені ата-анам ауруханаға апарды. Одан әрі есімді білмеймін. Оңалту орталығына келіп, біршама жағдайымыз жақсарып қалды. Ем-дом қабылдап жатырмыз НЫСАНҒАЛИ ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР ДІМ Мемлекеттік санитарлық қадағалау комитетінің бөлім меңгерушісі: Міне, тұрғындары түсініксіз жағдайға душар болған Калачи ауылы. Бүгінде бірнеше тәулікке отырған жерлерінде ұйықтап кеткендердің саны қырыққа жетіп жығылады. Ал ұйқы басып, өздерін жайсыз сезінгендер одан да көп. Бұған дейін азаматтардың санасын жаулап, қара түнек ұйқыға еліткен ауруды көпшілік радиацияның ықпалы деп жорыған еді. Бүгінде жергілікті тұрғындар бұл пікірмен толық келіспейді. ВИКТОР КРЮКОВ, жергілікті тұрғын: Менің ойымша, бұл ауруды анықтауға қатысты құрылған кез келген комиссияның жұмысы Степногор қаласының мұрағатынан басталғаны жөн. Радиацияның сәулеленуін және геологиялық жағы мен желдің әсерін бәрін-бәрін зерттеу керек. Бір кездері уран өндірілген Калачи ауылындағы белгісіз дерттің басты себебі ә дегеннен осы радиациялық ахуалмен байланыстырылғаны рас. Осыған орай, аурудың ошағын анықтау үшін түрлі сынамалар да алынды. Бірақ, олардың бірде бірі сырқаттың себебін тап басып бере алмады. Ал бұл жолы Калачиге келген облыс әкімі осы жағдайға байланысты арнайы карта жасау міндеттеді. Бір қызығы, калачилықтардың ұйқыға кеткеніне бір жылға жуық уақыт болса да, облыс басшысы жұмыс жоспарын енді ғана құрғалы жүрген сияқты.