Елордада экс-министр Елжан Біртановпен оның орынбасарына қатысты басты сот отырысы өтті HD

26.05.2022
Бүгін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты негізгі сот отырысы өтті. Екі жылға жуық созылған тергеу әділетсіз жүргізілді деген экс-шенеуніктердің адвокаттары прокурорларды қызметтерін асыра пайдаланды деп айыптап, оларды ауыстыруды талап етті. Бір күнде екі рет бөлінген сот отырысында қорғаушылар судьяның өзін де алмастыруды сұрады. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов басты сот отырысына сақадай сай келіпті. Ғимаратқа кіре сала журналистердің сұрағына қысқаша жауап берген экс-шенеунік көңіл-күйінің жақсы екенін айтып, 100 пайыз дайынмын деді. Бірінші болып сөйлеген Елжан Біртановтың адвокаты тергеу амалдарының заңға қайшы жүргізіліп келгенін айтты. Прокурорларды ауыстыруды ұсынған адвокат, бұл істе жәбірленуші ретінде тіркелген денсаулық сақтау министрлігінде өзіндік қауіпсіздік департаментінің директоры Асқар Ақбаевтың куәгер ретінде жауап беруін сұрады. Біртановтың қорғаушыларында Асқар Ақбаевқа бірнеше сұрақ бар екен. НҰРЛАН БЕЙСЕКЕЕВ, Е. Біртановтың қорғаушысы: – Біртанов мырзаның қорғаушыларында Асқар Ақбаевқа куәгер ретінде қойылатын бірнеше сұрақ бар. Себебі, дәл сол азамат маңызды құжатқа қол қойған қызметкерлердің бірі. Сондықтан бұл азамат та өзге куәгерлер секілді сот алдында жауап беру керек. Сонымен қатар, айыпталушы тараптың қорғаушылары прокурорларды алмастыруды талап етті. Өйткені, Елжан Біртанов министр болып тұрғанда шетелдік компаниямен жасалған келісімшарт ағылшын тілінде болған екен. Енді, қылмыстық істі жүргізу үшін ол құжатты орыс тіліне аудару керек еді. Судьялар алқасы бұл маңызды құжатты прокуратураға ағылшыншадан орыс тіліне аударуға міндеттесе де, ол жұмыс атқарылмады дейді Елжан Біртанов. ЕЛЖАН БІРТАНОВ, Сотталушы: – Одан омен келіспей бас прокуратура қалалық сотқа берді. Ол сот та айтып жатыр аудару қажет. Талқылау қажет. Зерттеу қажет деп. Оның бәрі жасалмаған. Осыдан кейін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішовтың адвокаттары бүгінгі судьяны да ауыстыруды талап етті. Олардың ойынша, сотқа төрелік етіп отырған Ибрагим Әлкенов қылмыстық іс жүргізу тәртібін бұзған. Ал, №2-ші Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Абинұр Қарабаев үзілістен кейін қорғаушы тараптың талабы орындалмайтынын мәлімдеді. Ал, прокурорлар болса сотқа дейінгі жүргізілген іс заңға қайшы келмейді деп отыр. Сотталушыларға айып актісімен танысуға уақыт берілгенін айтады. Екіге бөлінген бүгінгі сот отырысы бес сағатқа созылды. Біртанов пен Әбішов қорғаушыларының бірде-бір талабы орындалмады. Тек, Ериксон Никола Тесла компаниясымен жасалған келісімшарт орыс тіліне аударылатын болды. Сөйтіп, 9-шы маусымда келесі сот отырысы өтеді. Айта кетейін, бұрынғы министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев науқастарды, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар туралы ақпаратты бір жүйеде сақтайтын істемейтін платформа жасады деп айтыпталған еді. Қазір платформа іске қосылмаған, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады. Өмір Серікбекұлы, Дидар Ел

Похожие видео