XIV ғасырда Маңғыстауда сауда порты болған ба? HD
Орта ғасырлық Кетікқала шаһарында Маңғыстаудағы ең ежелгі сауда порты болған. Ескі қалашық орнындағы қазба жұмыстары кезінде маржан бұтақтарының бөліктерін тапқан археологтар XIV ғасырда Каспийдің басқа да теңіздермен қарым-қатынас орнатқанын дәлелдеп отыр. Ежелгі қала аумағынан керамикалық ыдыстар, Қытай фарфоры мен әйел әшекейлерінің сынықтары және Хижра жыл санауы бойынша «761-768 жылдар» деген жазуы бар теңгелер де табылған. Тарихи жәдігерлер ескі шаһарға Қытай, Иран, Әзербайжан елдері мен Еділ жағалауындағы мекендерден келуі мүмкін. «Құнды дүниелерге қарап Кетікқала қалашығын Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда порты болған деуге негіз бар», – дейді ғалымдар. Кетікқала шаһарындағы археологиялық қазба жұмыстары былтыр басталған болатын. Тарихи деректер бойынша аумағы 16 гектар болған қалашықтың күні бүгінге дейін 3 гектары ғана сақталып қалған. Он мүшесі бар экспедиция тобы биыл оның 300 шаршы метрін зерттеп үлгерді. Андрей Астафьев, археолог -Биыл ежелгі қала орнынан өте қызықты әрі құнды дүниелерді олжаладық. Біз тапқан қызыл маржан бұтақтарының бөліктері бұл жерге саудагерлер немесе кемелер арқылы Жерорта теңізінен келуі мүмкін. Демек Кетікқала – қазіргі Ақтау порты сияқты Каспий теңізі арқылы 5 елмен тығыз байланыс жасаған қақпа және саудасы қыз-қыз қайнаған шаһар болған. Алдағы уақытта ежелгі қала орнын туристерге таныту мақсатында саяхаттар ұйымдастыру жоспарда бар.