Денесін күйік шалған 2,5 жастағы Аяла Оңтүстік Кореяда терісін алмастырды
Жезқазған қаласының тұрғыны, екі жарым жастағы Аяла Қадырбек Оңтүстік Кореядағы клиникалардың бірінде күйік шалған терісін алмастырып, оралды. Операция сәтті өткен. Оған тікелей қаржылық қолдау көрсеткен – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Қытайға жасаған сапарында осы елдің төрағасының қолынан «Жібек жолының» бейбітшілік тарту-таралғысы мен қоса 600 мың долллар сыйлық алған еді. Артынша, Президент сол қаржыны еліміздегі қос қайырымдылық қорына тең бөліп берді. Ал қаржы науқас балалардың еміне жұмсады. Сәбидің анасы Гүлнұр Мұстафина ол күнді қорқынышпен еске алады. Ойын баласы небәрі 10 айында жер үстелді жағалап жүріп, самаурындағы қайнап тұрған ыстық суды үстіне аударып алған. Сөйтіп денесінің біраз бөлігін күйік шалады. Ата-анасының ем іздеп бармаған жері жоқ, бірақ еш нәтиже бермейді. Бірде олар ғаламтор бетінен Оңтүстік Кореядағы клиникалардың бірінің жұмысы туралы біледі. Алайда баратын қаражат жоқ. Осылайша қайырымды жандардың көмегіне жүгінген. «Мейірімділік» ерікті қоғамы алғаш болып мұқтаж отбасыға қол ұшын созды. Операцияға қажетті 30 мың долларды бірден бөліп, жедел операция жасалады. Қазір бүлдіршіннің халі жақсы. Бөлеген Әбенов, Аяланың әкесі -Қыз бала болған соң қорқасың. Қолымен дұрыс ұстай алмайды, бір жерде құлап қала ма деп. Бастапқыда балабақшаға бермеген едік. Енді қазір операциядан кейін қолы жазылып, 1-2 айдың ішінде балабақшаға орналастырамыз ба деген ойымыз бар. Шетелде жасатқан бұл операцияның ерекшелігі кейін тері бетінде ешқандай тыртық қалмайды екен. Баласының бал-бұл жанған жүзін көрген ата-анасының қуанышында шек жоқ. Ал «Мейірімділік» ерікті қоғамы қорының директоры Аружан Саинның айтуынша, Елбасы берген 300 мың доллар қаражаттың ең көбі осы Аяланың еміне жұмсалыпты. Аружан Саин, «Мейірімділік» ерікті қоғамдық қорының директоры - Біз Елбасы берген бұл қаржылай көмекті бірнеше бағытта игереміз. Ең көп бөлігі бүлдіршіндердің еміне жұмсалады. Себебі «Балаларға өмір сила» шарасы қомақты қаржыны талап етеді. Сонымен қатар жақында Алматыдағы балалардың жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне жаңа қондырғылар алмақпыз. Мамандардың айтуынша, қазір қайырымдылық көмекке мұқтаж балалар елімізде өте көп. Қымбат операцияларды жасатуға көпшілігінің мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан Жезқазғанда қайырымдылық шаралары жиі өтіп тұрады. Айталық, мына концерт 1 жасар Аңсар Төкеновтің Қытайға барып емделуіне қажетті қаражатты жинау мақсатында ұйымдастырылған. Ата-анасы көпшіліктің сауапты істен сырт қалмайтынына сенеді. Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Гүлжан Көленқызы, Василий Савкин, Әсет Асайынов
Похожие видео
Показать еще