Мүлік салығын төлемей жүргендердің ісі жеке сот орындаушыларына жіберілмек HD

03.11.2021
Елімізде 1 миллионнан аса адам жылжымайтын мүлік салығын төлемей жүр. Соның кесірінен қазынаға 3,4 миллиард теңге түспей қалған. Кіріс комитетінің мәліметінше, салық төлемейтіндер әсіресе Алматыда көп екен. Алып мегаполисте салықтан жалтарғандардың мемлекет алдындағы борышы 853 миллион теңге. Екінші орында Шымкент қаласы болса, антирекордтың үштігін Елорда түйіндеп тұр. Нұр-Сұлтанда төленбеген салық көлемі 604 миллионды құрайды. Енді мемлекеттік кірістер комитеті жылжымайтын мүлікке төленбеген салықты өндіру үшін жеке сот орындаушыларына жүгінбек. Биыл мүлік салығын төледіңіз бе? Дәл осы сұрақты біраз Алматылыққа қойдық. Жауаптар таң қалдырды. Мүлік үшін салық төлеу керек деген хабарлама коммуналдық төлемнің түбіртегімен үй иесіне ай сайын келіп тұрады. Оны сіз қазан айына дейін бір реттік төлем ретінде өтейсіз. Ал, сол түбіртекте көрсетілген соманы "құймаған" адамның «е-салық» қосымшасындағы жеке кабинетіне хабарлама жолданады. АЙНҰР САРТАЕВА, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары: – Салық төлеушілер сол хабарламаны алған күннен бастап, 30 жұмыс күнінің ішінде міндетті түрде салықты төлеп тастауы керек. Егер 30 жұмыс күн ішінде ол салықты төлемейтін болса онда мемлекеттік кірістер қызметінің мамандары салық бұйрығын шығарады. Егер де салық қарызының көлемі 1 айлық есептік көрсеткіштен асса, яғни, 2917 теңгеден асса онда салық бұйрығы жеке сот орындаушыға жолданады. Ал, өз кезегінде жеке сот орындаушысы мүлікке салық төлемегендердің шотын бұғаттау, шетелге шығуға шектеу қою және мүлкін сатуға тыйым салуға құқылы. Ескере кететін жайт, егер жеке тұлғаның төленбеген салық көлемі 117 мың теңгеден асса ғана ол басқа мемлекеттерге шыға алмайды. Сондықтан, кірістер комитеті уақыт оздырмай салықты тез төлеуге кеңес береді. Айта кетейік, биыл он айдың ішінде еліміздегі жеке тұлғадан 13 миллиард теңгеден аса мүлік салығы түссе, былтыр бұл сома 12 миллиард теңге болған. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #салық #мүлік_салығы #арест #банк #ДГД #кірістер_комитеті #декларация

Похожие видео

Показать еще