50 миллионға салынған футбол алаңының жабындылары жыртылып, тоз-тозы шықты HD

11.10.2022
Бұл, Петропавлдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі футбол алаңының бүгінгі сыйқы. Төрт жыл бұрын мемлекеттік бюджеттің 50 миллион теңгесіне салынған жабық футбол манежінің жасыл жабындылары жыртылып жатыр. Соның кесірінен алаңда жаттығатын балаларымыз сүрініп, шетінен жарақат алып келеді дейді ата-аналар. Олардың айтуынша, бірнеше жылға жетпей бүлінген жасыл алаң сапасыз материалдардан салынған. Бұл, бюджеттің 46 миллион теңгесіне салынған, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тиесілі жабық футбол алаңының қазіргі күйі. Жасыл жабындылары бір-бірінен ажырап, жан-жақта шашылып жатқан жерде мыңға тарта бала жаттығуға мәжбүр. Жас спортшылар тоз-тозы шыққан футбол алаңында ойнап жүргендеріне бір жылдан асқанын айтады. Сол аралықта құлап, мертігіп, тіпті жарақат алғандары да бар дейді. МАҒЖАН АМАНТАЙ, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі: – Бәрі құлайды. Өйткені мындағы төсеніштермен бірге біз де тайғанаймыз. Барлығы жыртық-жыртық. Дұрыс ойнай алмаймыз. Жеткіншектердің футбол ойнағанынан гөрі, жасыл төсенішті жөндегендері көп дейді ұлдарын жаттығуға әкелетін ата-аналар. Сондықтан, олар балаларымыз осындай қырық жамау төсеніште доп тепкенше, қара жерде ойнағаны артық еді дейді. Әрі спорттың дамуына селқос қараған әкім-қаралар, осындай алаңда қалайша болашақ чемпиондарды тәрбиелемек деп ашулы. Кейбірі тіпті арзанқол материалдардан жасалған жасыл алаңға бұдан былай балаларымызды жібермейміз деп отыр. АННА БАКИРОВА, Ата-ана: – Жасыл алаңның жағдайы сұмдық. Менің ұлым бір емес бірнеше рет мертігіп қалды. Бір күн жаттығуға апарсақ, бірнеше апта жарақатпен жатады. Футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі жағдай осындай болса басқасынан не күтеміз?! Ал жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, төрт жыл бұрын салынған жабық футбол манежін 2020 жылы қайта жөндеуге тура келген. Сол жылы ауыстырылған жасыл төсеніш небәрі бір жылға жеткенін өздері де мойындап отыр. Енді төсенішті қайта ауыстыруға бюджеттен тағы 28 миллион теңге қаржы сұрап отыр екен. ВИКТОР БЕСТИК, СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы: – Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттарды дайындап жатырмыз. Оны облыстық бюджет комиссиясы қарастырады. Кейін қаржы бөлгенін күтеміз. Егер қазан айының соңында бюджеттен қаржы бөлу туралы шешім қабылданса, жасыл алаңды жыл соңына дейін толығымен ауыстыратындарын айтады. Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31

Похожие видео

Показать еще