Алексей Цой: «екпе алу - вирустан құтылудың бірден бір жолы» HD
Қазақстандықтардың жаппай маскасыз жүруі үшін халықтың 60 пайызы екпе салдыруы керек екен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары мәлімдеді. Ақпанның басынан Қазақстанда 13 мыңнан астам медицина қызметкері Спутник V екпесін алған. Ал қазір Қарағандыдағы фармацевтикалық компания 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісін бастады. Осы айдың соңында препараттар аймақтарға жіберіледі. Министр екпе алу вирустан құтылудың бірден бір жолы екенін айтқанымен Алексей Цойдың өзі ресейлік Sputnik V вакцинасын салдырмапты. Қазақстан сары аймақтан жасылға өтті. Әзірге Павлодар және Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймақта тұр. Министр вирустан сақтану керектігін айтып, көпшілік арасындағы "ковидпен ауырып шыққан дұрыс" деген кереғар пікірден аулақ болу керек деді. АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: – Оның иммундық жүйеге және созылмалы аурулардың өршуіне әсер ететінін, «ковидтан кейін» асқынулар болатынын, өкпе, бауыр, жүрек сияқты өмірлік маңызды ағзалардың функциясы бұзылатынын еске салғым келеді. Сондықтан министр жаппай екпе алу керектігін айтты. Қазіргі таңда 13 мыңнан астам медицина қызметкері егілген. Ал Қарағандыдағы фармкомпания ресейлік вакцинаның өндірісін бастап кетіпті. Енді келесі айдан мұғалімдер мен күштік құрылым қызметкерлері егіле бастайды. Алайда Қазақстанда шығарылатын препарат арзан бағамен сатылмайды екен. Министрлік өкілдері елде өндірілетін вакцинаға бюджеттің қанша қаражаты жұмсалатынын да нақты айта алмады. АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: – Вакцинаның құны екі компонент екі иньекциясына 26 доллар тұрады. Ал "америкалық вакцинаның кері әсері анықталып жатыр, ол қазақстандықтарға қалай салынады?" деген журналистің сұрағына министрлік "вакцина Қазақстанда тіркелмеген" деп жауап қайырды. Алайда ресейлік Спутник те елімізде тіркелмей-ақ медицина қызметкерлеріне жаппай салына бастағанын білеміз. Оған қоса, бұған дейін министр орынбасары биылғы жылдың екінші жартысында Fizer екпесі Қазақстанға келеді деп мәлімдеген болатын. АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: – Біздің елімізге келген әрбір дәрі-дәрмек сараптамадан өтетін болады. Егер Файзер компаниясының вакцинасы бізге келетін болса, тексерістен өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша Павлодар облысында коронавирусқа шалдыққандар саны азаймай тұр. Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы оны жаңа жылдық демалыстың салдары деп отыр. Оған қоса, дәл осы аймақ тұмау белгілері бар барлық азаматтарға ПТР тест жасау керек деген министрлік бұйрығын орындамай отырғанға ұқсайды. ГҮЛНАЗ САЙЛАУҚЫЗЫ, тілші: – Ал Алексей Цой отандық өнімді қолдау мақсатында қазақстандық вакцинаны салдырамын деді. Сондықтан екпенің үшінші фазадан өтіп, қолданысқа шығар кезін күтеді екен. Препарат қолданысқа сәуірде шығады деп жоспарланып отыр. Гүлназ Сайлауқызы, Нұркен Тоқмурзин Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmatio