1 бөлме – 150 мың теңге! Алматыда студенттер көше кезіп, далада түнеуге мәжбүр HD

05.09.2022
Алматыда студенттер көше кезіп, далада түнеуге мәжбүр. Жаңа оқу жылы басталса да жатын орын таппаған жастар пәтер бағасының қымбат екенін айтып, наразы. Жалдамалы баспана құнын былай қойғанда риелторлық агенттіктердің қызметі де қалтадан қағады дейді студенттер. Ал мамандар сұраныс артқан сайын баға да өсе береді деп отыр. Себебі мегаполисте пәтер іздейтіндер көп те, пәтер аз. 2 курс студенті Қайдар Құмаров Алматыға бір апта бұрын келген. Жалдамалы пәтер бағасын көріп шошыған ол басында үйді интернеттен іздеген. Кейін қалтасы көтермейтінін көзі жеткен соң көшеде пәтерді жалға беретіндерді жағалауға көшкен. Биыл оқуға түскен екі қарындасын мегаполиске ертіп келген Қайдар қазір өзіне де, оларға да үй таппай, әр күні әр жерде түнеп жүр. Күнім пәтер іздеумен өтеді деген ол студенттер қазіргі удай бағада пәтер жалдай алмайды дейді. ҚАЙДАР ҚҰМАРОВ, студент: – 1 бөлмелі времянка 80 мыңнан 150 мыңға дейін, 1 бөлмелі пәтер қожайынымен бірге тұру үшін 180 мың теңге. Қаңғып жүрген жастар, қаланың ішінде бәрі жастар. Бәрі жан-жақтан келеді, ойбай, Алматыға оқуға түсті болды. Пәтер жоқ, таппайды. Пәтердің қымбаттығын былай қойғанда кез келген нөмірге хабарласып, пәтер сұрай қалсаң, риелтор көтереді. Тікелей қожайынмен сөйлесу мүмкін емес дейді студент. Ал риелтор пәтер ақысының үстіне 20 мыңнан 40 мыңға дейін ақша сұрайды. Әйтпесе баспана жоқ. Алматыда жатақханадан орын таппай, пәтерге ақшасы жетпей жүрген тек Қайдар емес. Кей жастар тіпті бар ауылынан арқалап келген жүгімен қоса, көше кезіп, далада түнеуге мәжбүр. Студенттерді сенделткен сиқырлы сандар күн сайын құбылады. Көз майын тауысып, кітап оқып, білім іздеуді мақсат етіп келгендер телефон ұстап, пәтер іздеп шаршаған. Маусым айымен салыстырсақ, тамыздың басында жалдамалы пәтер құны 15 пайызға қымбаттаған. Ал жылжымайтын мүлік саласының мамандары сұраныс көп болған сайын баға да өседі деп отыр. Айтуларынша, қымбатшылыққа бірнеше фактор әсер еткен. Біріншіден, мегаполисте жалдамалы пәтер тапшы, үй іздейтіндер көп. Екіншіден, пәтер иелері көбіне студенттерге сенімсіздікпен қарайды екен. НҰРЛАН АЛЫБАЕВ, Алматы қалалық риелторлар қауымдастығының президенті: – Пәтер иесі көбіне студентке пәтерін бере қоймайды. Одан гөрі жұмысы бар, ақшасын кешіктермей төлеп тұратын адамды таңдайды. Ал үй іздейтін жастар қанша адамнан біріксе де, бағасы қымбат болады. Нарықты сұраныс билеп тұр, адам көп, пәтер аз. Ал мамандар жалдамалы пәтер айналасындағы дүрбелең қараша айының аяғына қарай басылады деп болжайды. Азамат Қабетов, Думан Сүлейменов Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #студенттер #пәтер #жалғаалу #арендаквартир #жатақханасызстуденттер #алматы2022

Похожие видео

Показать еще