Үштөбе ауылында жаңа мешіттің құрылысы басталды.
Ескі ғимараттың тарлық етуіне байланысты жергілікті тұрғындар жамағаттың көмегімен бірге жаңа құлшылық орынының іргетасын қалады. Аталмыш шараны арнайы ырымдап қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде ұйымдастырған. Дегенмен, құрылыстың нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Себебі, керекті қаражат әлі толық жиналмаған. Бұл Үштөбе ауылының ескі мешіті. Тұрғындардың бастамасымен елді мекендегі тұрғын үйлердің бірі құлшылық орнына айналған болатын. Жергілікті имам бұл ғимаратта арнайы сабақ үйрететін сыныптын жоқ екендігін айтады. Бүгінгі таңда жат ағымдар жан-жақтан қаптап келгенде жастарымыздың мешіттен дұрыс білім алуларына жағдайц жасалынуы керек дейді Жандос Нығыман. Жаңа мешіт қажеттілігі жөнінде осыдан екі жыл бұрын айтыла бастаған болатын. Жергілікті тұрғындар арнайы құжаттарды жинап, енді ғана құрылысты бастауға рұқсат алған. Жобалық құжатқа сай мешіт ғимараты екі қабаттан тұрады деп жоспарланып отыр. Мұнда бір уақытта 310 адамға дейін құлшылық етуге мүмкіндік жасалмақ. Оның 250-і ер, 60-ы әйел адамдарға арналған бөлме болады деп күтілуде. Бұдан бөлек, екі оқу сыныбы мен 200 адамдық асхана да қарастырылған. Алла үйінің құрылысын қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде бастау шешімі де оң ниетпен қабылданды дейді. Оразаның алғашқы күнінде болашақ мешіттің орнында киіз үй тігіліп, ауыл тұрғындары ауызашарға жиналды. Жамағат болып ниет еткен халып құрылыстын көп күттірмей аяқталуын тіледі. Дегенмен, ол үшін әлі біраз қаржы жинау қажет. Сол себепті де барша қарағандылықтар мен атымтай жомарт кәсіпкерлерден қолдау күтіледі.