Суға шомылу қауіпсіздігі қатаң бақылауда
Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен құтқарушылар өзен-көл, су қоймаларында бақылауды күшейту жұмыстарын бастады. Себебі, қазір суға шомылу маусымының қызған шағы. Әсіресе, белгіленбеген жерде суға түсетіндердің саны көбейген. Ал, қайғылы оқиғалар негізінен осындай тыйым салынған жерлерде көп орын алады екен. Топар елдімекенінде суға шомылу маусымы басталғалы Абай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен құтқарушыларында рейд жұмыстары қызу. Олар онда су айдындарындағы қауіпті іс-шаралар туралы тұрғындарды ақпараттандыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізді. Атап айтсақ, күнге қыздырынып демалып жатқан ересектермен, балалармен жүздесіп, тілсіз жаудың бірі – судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтанудың маңызын тарқатып айтып берді. Рейд барысында демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде дәрігер де белсене ат салысты. Мұздай суға бірден түспеу керектігін ескертті. Тіпті, мас күйінде жүзу мен өз күшін асыра бағалаудың соңы қайғылы оқиғамен аяқталатынын айтты. Ал, алда жалда адам суға кетіп қалған жағдайда, алғашқы көмек көрсету түрін демалушыларға түсіндіріп берді. Абай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының айтуынша, шомылуға арнайы тыйым салынбаған жағажайға келген демалушылар, көп жағдайда суға шомылу ережесін сақтай бермейді дейді. Балаларды қараусыз қалдырып, салдарынан қайғылы оқиғалар болып жататындығы жасырын емес. Мәселен, биылғы жылы облыс бойынша суға шомылу маусымы басталысымен 8 адам көз жұмған. Сондай-ақ, айта кету керек, шомылуға тыйым салынбаған жабайы жағажайларда санитарлық нормалар да сақтала бермейтін көрінетін. Себебі, демалуға келген адамдар, тамақ қалдықтары мен бөтелке, қағаз сынды керексіз заттарды тастап кетіп, бұл жерлерді қоқысқа айналдырыпты. Бүгінде, Абай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 3 қайық, 6 сүңгуірлер 24 тәулік бойы кезекшілік жасауда. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері құтқару станциясының қызметкерлері, өрт сөндірушілер және жергілікті тәртіп сақшылар күшейтілген рейд жұмыстарын жүргізуде.
Похожие видео
Показать еще