ОҚО-ның Қаратау жазығынан екі балбал тас табылды HD

01.08.2017
Жергілікті тарихшылар көне дәуірдің ескерткішін Х-ХII ғасырға тиесілі екенін айтады. Тарихи жәдігерлерде ер мен әйел бейнесінің сұлбасы қашалып бейнеленген. Сырлы Созақ өңірі тарихқа толы. Көне ғұрыптық бұл ескерткіштерді Абай ауылының тұрғыны Алпамыс Қуандықов кездейсоқ тапқан. Жерден 3 см бойы көрінген тасты әуелі қозғап көрген. Қолмен алынбасына көзі жеткен соң қазып алған. Арпа өзенінің бойынан табылған тарихи жәдігер шығысқа қарата орнатылыпты. Алпамыс Қуандықов, Абай ауылының тұрғыны: –Бірінші тасты көрген бойда күрекпен ашып алдық. Сөйтсек суреті көрініп жатыр. Кейін екіншісінің беті көрінгенін байқадық. Тігінен көміліп жатыр екен. Қазып едік, тура бірінші тас сияқты болып шықты. «Балбал тас - ежелгі түркі дәуіріне тән» – дейді жергілікті тарихшы Ниязәлі Дүйсенбек. Мұндай жәдігерлер ел аумағынан көптеп табылған. Созақ өңірінің өзінде бұл бесінші балбал тас. Барлығы мұражайда сақтаулы тұр. Бағзы заманда балбал тас ру тайпадағы беделді бекзадаларға арнап қойылған көрінеді. Ниязәлі Дүйсенбек, С.Қожанов атындағы мұражайдың директоры: –Қазақ жерінде Ислам діні таралған Х-ХІІ ғасырға дейін әр ауылдың би бекзадалары ардақты азаматтарының бейітінің басына тас мүсін орнататын болған. Арпа өзені бұрыннан тарихқа бай. Осыған дейін де құмыралар, қыштар мен басқа да балбал тастар табылған. Талай тарихтың куәсі болған балбал тас бабаларымыздың мәдениеті мен өнері, тарихы мен өмірі, діни-нанымдық ғұрпының көрінісі. Құнды дүниені ғалымдар түбегейлі зерттейтін болады. Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Похожие видео

Показать еще