Барсакелмес қорығының құландары

21.12.2019
Түрікмен құланы (Equus hemionus kulan) — тақтұяқтылар отрядына жататын жабайы жылқы. Сыртынан қарағанда құланның есекке де (басы үлкен, құлағы ұзын, құйрығы қысқа, кекілі жоқ, жалы тік), жылқыға да (жүріс-тұрысы ширақ, дене бітімі сымбатты, сирақтары ұзын) ұқсайтын ерекшелігі бар. Шоқтығына дейін биіктігі шамамен 130—150 см, дене ұзындығы 200—240 см, салмағы 130—300 кг. Қысқа уақыт ішінде сағатына 70 км жылдамдықпен және сағатына 50 км жылдамдықпен ұзақ уақыт бойы қозғалуға қабілетті. Құлан (Equus hemionus) — солтүстік Еуразияда тақтұяқтылар ішінде жабайы түрде жалғыз сақталған түр, осы континенттің кең ашық кеңістігінде бұрын мекен еткен миллиондаған тарпаңдар, жабайы есектер мен жылқылардың тірі қалған жалғыз туысы. Үй жылқыларына қарағанда кішірек және тығыздау. Түсі сарғыштау, жотасында қара қошқыл жолағы болады, құйрығының ұшы қара, бауыры мен сирақтары ақшыл келеді. Жыныстық жағынан 2 – 3 жасында жетіледі. Маусым – шілде айларында күйлеп, 11,0 – 11,5 айдай буаз болып, мамыр – маусым айларында құлындайды. Жақын аралықта Қазақстанда құландардың 3 түршесі мекендеді: шығыста моңғол, оңтүстікте және орталық аймақта қазақстандық, елдің батысында түркімен түршесі мекендеген. XX ғасырдың басына қарай қазақстандық түршесі толығымен жойылды, ал моңғол мен түрікмен түршелері республиканың аумағынан қоныс аударды. Құландар көп мөлшерде қатты жұт кезінде жойылды. Қазіргі кезде құландардың саны әлемнің сегіз елінде ғана сақталған. Зерттеушілердің бағалауы бойынша жер бетінде шамамен 55 000 құлан қалды. Құландардың жалпы санының 75%-ы Моңғолияның оңтүстігінде мекендейді. Көрші Қытайда жануарлардың саны 5000-ға жетеді. Қазақстанда құланды жерсіндіру жұмысы 1953 жылы басталды. Сол жылы Арал теңізінің Барсакелмес қорығына Түрікменстаннан 14 құлан жерсіндірілді. Қазіргі кезде Қазақстанда тұратын барлық құландар Барсакелместегі осы 14 басының ұрпақтары болып табылады. 1976 жылы Арал аймағындағы экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 27 құлан Алтын-Емел ұлттық паркіне жеткізілді. Қазір ел бойынша құланның ең көп саны Алтын-Емелде, саны – 3500 бас. ҚҰЛАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛ КІТАБЫНА ЕНГІЗІЛГЕН. "Аральское море"д/ф-нен алынған (Казахфильм, 1963ж.) https://www.youtube.com/watch?v=mdGkFdPQSdQ

Похожие видео

Показать еще