«Екілік» деп жазып берген мұғалімнің жазасын Солтүстік Қазақстан облыстық соты өзгеріссіз қалдырды
Петропавлда оқушының маңдайына «екілік» деп жазып берген мұғалімнің жазасын Солтүстік Қазақстан облыстық соты өзгеріссіз қалдырды. Өткен жылдың 10 қыркүйек күні Жамбыл ауданындағы Бауман орта мектебінде алгебра пәнінің мұғалімі Қымбат Әсімжанова барлық оқушылардың көзінше жетінші сынып оқушысы Тілеген Олжастың шашын түбінен қиып тастап, маңдайына "екілік" деп жазып, өшірмеуді талап еткен болатын. Бүгін аппеляциялық кеңесте сол іс қайта қаралып, Жамбыл аудандық сотының бір жарым жылға шартты түрде жазалау үкімі өзгеріссіз қалды. ОЛЖАС ТІЛЕГЕН: - Маңдайымнан былай шашымның түбіне дейін кесіп тастап, екілік деп жазып берді маған. Сосын технология сабағында құлағымызды бұрады. Маған Қымбат Әсімжанова документтеріңді алып, мектептен кет деп те айтты. Облыстық сотта, Қымбат Әсімжанова өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін алға тартумен болды. Тағы белгілі болғандай, алгебра пәнінің мұғалімі еңбек жолын осы оқу жылында ғана бастаған жас маман екен. Іс кезінде сол уақытта Бауман мектебінің директоры лауазымында болған Қымбат Әсімжанованың енесі алғашында қызметінен босатылғанмен, қазір тура сол оқу орнында психолог маман ретінде қайта жұмысқа алыныпты. Ашық түрде өткен сот процесінде Олжастың әжесі баланың психикалық және физикалық зақым алғанын да айтты. Дегенмен, жаңаша жазалау түрін ойлап тапқан мұғалім, «мен кінәлі емеспін» дегенінен тартынбады. ҚЫМБАТ ӘСІМЖАНОВА: - Менің айтарым, бірқатар маған тағылған айыптармен келіспеймін. Сондықтан, Жамбыл аудандық сотының шешіміне өзгеріс енгізулеріңізді сұраймын.