Кәсіпкерлер ашулы! Қытай тарапы қазақстандық бизнесмендердің тауарларын өткізбей жатыр HD
Пандемия басталғалы Қытаймен алыс-берісі қиындаған Қазақстан тарапы қанша келіссөз жүргізсе де, шекарадағы жағдай әлі оңала қойған жоқ. Ал кәсіпкерлер палатасы шығынға батқан шағын және орта бизнес өкілдеріне Үкіметтің көмек беруін сұрайды. Яғни, кәсіпкерлердің несие мен салықтық төлемдерін кейінге шегеруге мүмкіндік берілсе дейді. Қытай тарапы айлап осылай тізіліп тұратын тауар толы вагондардың санын соңғы күндері 200-ден 400 арттырған. Бірақ, жағдайды қалыпты режимге келтіру үшін баяғыдай 800-ден 1 мыңға дейін көбейту керек дейді кәсіпкерлік палатасы. Палата, Үкіметтен қып-қызыл шығынға батқан кәсіпкерлердің несиесі мен салықтық төлемдерін кейінге шегеруді сұрап отыр. МҰРАТ АМРИН, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП логистика және тасымалдау департаментінің директоры: – Кәсіпкерлерден бізге өтініш көп түсіп жатыр. Қазір шекарадағы 5 тауар өткізу пунктінің 3-уі штаттық режимде жұмыс істейді. "Қалжат" пен "Майқапшағай" пунктері қосылса, жүк тасымалдау жұмысы жанданар еді. Бірақ, қазір кәсіпкерлердің қаржылық жағдайы қиын. Қазір Қазақстаннан Қытайға қарай 9 мың вагонға толы жүкті экспорттау үшін кәсіпкерлер кезекте тұр. Ал көрші елден тауар алып кіруге әр пункке Қазақстаннан 5-10 көліктен артық кіргізбейді. Пандемияға дейін Қытайдан Қазақстанға кемі бір жүк өткізу пункті 150 көлікті жіберіп отырған. Енді бір айдың ішінде мәселе оңалмаса, жеңіл өнеркәсіптен бастап, шикізатқа тәуелді зауыттардағы жағдайдың қиындайтынын кәсіпкерлердің өздері айтады. Ал кейбір экономистер, сол кезде онсыз да қымбаттаған өнімнің одан сайын қымбаттай түсетіні анық дейді. Қытай бізге экспорттайтын өнім мен бізден алып келген импортқа аса тәуелді емес екенін жақсы білетін Үкімет, тығырықтан шығудың жолдарын өзі ұсыну керектігін айтады. МАҚСАТ ХАЛЫҚ, экономист: – Әлеуметтік тауарлардың бағасы өсіп жатса, ол жақсы емес. Оның бағасы өссе, өзге тауарлардың да бағасы оңай өсе береді деген сөз ғой. Ең бастысы уақыт ұту керек те. Тез арада тиімді тетіктер қабылданып, қолдау жасап жіберсе, онда ол өзінің салаларында жемісін беріп жатады. Ал мемлекет көмектесеміз деп айтудың өзінде айтып қойып, кейін жасамайтын болса онда одан ешқандай пайда болмауы мүмкін. Кәсіпкерлік палатасы, пандемияның кесірінен зардап шеккен бизнес өкілдерінінің несиесі мен салықтық міндеттемелерін Үкімет кейінге қалдырған күннің өзінде де, шекараның нақты қай уақытта жұмысы қыза түсетінін алдын ала білу керек дейді. Өйткені, қазір үміттенген кәсіпкерлер, ертең қайта қарызға батуы ықтимал. Соған сәйкес те, несие мен салық төлемінің шегерілу мерізімін жариялағандары жөн деп отыр. Әйгерім Ердәулет, Влад Шишко Бізді әлеуметтік желіде оқыңыздар: Youtube -https://www.youtube.com/channel/UCKJIfb3BN2x14J4U30wzLeA/featured?sub_confirmation=1 Facebook - https://www.facebook.com/informburo31/ Instagram - https://instagram.com/informburo31 Vkontakte - https://vk.com/informburo31 TikTok - www.tiktok.com/@informburo31 WhatsApp Информбюро +7 777 331 31 31 #логистика #шекара #кредит #кәсіпкерлер_жанайқайы