Ризабек Төлеуғазының өнімдеріне сұраныс жоғары HD
Шығысқазақстандық Ризабек Төлеуғазы мемлекеттен 2 миллион теңге несие алып, ағаш шеберханасын ашқан. Қазір оның өнімдеріне сұраныс бар. Қалбатаулық кәсіпкер болашақта ісін кеңейтіп, ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын ұсынғысы келеді. Ризабектің ағаш шеберханасында тыным жоқ. Есік, терезе, үстел, орындық сияқты бұйымдар жасай бастағалы аудан халқы осында тапсырыс беретін болды. «Бұл өнерді әкемнен үйренгем», – дейді осыдан 10 жыл бұрын Қытай елінен көшіп келген қандасымыз. Ризабек Төлеуғазы, Қалбатау ауылының тұрғыны -Магазиндегілердің көбі өлшемге сай келе бермейді. Біз барып өлшеп аламыз. Қандай есік, қандай терезе, қандай үстел керек екенін. Соған қарай жасап береміз. Ісімді кеңейтсем бе деген ойым бар. Бос жүрген азаматтар үйренсе, үйретсем деген ойым бар. Келемін, үйренемін деушілерге есігім ашық. Бос жүргенше, қарап жүргенше, өнер үйренген жақсы ғой деп ойлаймын. Ризабек қол жайып ешкімнен көмек сұраған емес. Қазір еңбек етуге барлық мүмкіндік жасалған. Тек ынта, жігер керек деп есептейді ол. Өзінен басқа 2 адам еңбекпен қамтылды. Азын-аулақ қорасында малы және бар. Жанаргүл Кәкен, Қалбатау ауылының тұрғыны -Қазір ерінбей істеген адамдарға жұмыс көп. Біз осылай кәсіптеніп жатырмыз. Кәсібіміз жақсы қазір. Жолдасым ағашшылықпен жұмыс істеп жатыр. Мен өзім жеке кәсіпкермін. Еңбекпен келген нан тәтті болады. Жалпы соңғы 5 жылда аудан бойынша 400-ден астам тұрғын Ризабек сияқты мемлекеттік бағдарламамен шағын несие алып кәсібін дөңгелеткен. Нұрлан Сыдықов, Жарма ауданының әкімі -Биылдың өзінде бізге тағы өтініш бергендердің саны 100-ден асып өтеді. Ал енді қайтарымына келетін болсақ, біздің ауданда алған адамдардың барлығы уақытында қайтарып отыр. Ал Ризабек биыл тағы бір кәсіпті қолға алуды жөн санапты. Жылыжайда көкөніс өсіріп, ауданды сапалы өніммен қамтымақ. Сонда тағы 3-4 адамға жұмыс табылмақ. Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы