Енді жол полициясының қызметкері көлігіңізді себепсіз тоқтатуға құқығы жоқ
Енді жол полициясының қызметкері көлігіңізді себепсіз тоқтатып, "тек құжат тексеремін" десе, бірден шағым түсіре аласыз. Ереже бұзылмағаны анықталса, тәртіп сақшысының өзі жауапқа тартылып, тіпті қызметінен босап қалуы мүмкін. Парламент көлікті тоқтатуға және тексеруге негіз болатын нақты 8 себепті заңда атап жазып көрсетті. Сондай-ақ бұдан былай жол полицейінің сізден көлігіне отыруды өтінуі, не көлігіңізге кіріп өзі отыруы да заңсыз. Сенатқа шақырылған уақыттан ертерек келген Ішкі істер министрі әлсін-әлсін қол астындағылармен "Жол Қозғалысы туралы" заңға енгізілетін өзгерістерді пысықтап, тиянақтап қояды. Өйткені заң жобасында ереже бұзғандарға жаза барынша күшейтілді. Мәселен кеше Оралда мас күйінде көлік жүргізді деп ұсталған полиция қызметкері медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Өйткені бұған құқылымын деді. Бүгін ұсынылған өзгертулер қабылданған жағдайда, ешкімнің бұл шартқа мойынсұнбауына болмайды. ИГОРЬ ЛЕПЕХА, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы: Жолдағы полицейлер бірнеше айдың ішінде түгел алкотестермен қаруланады. Сөйтіп жүргізушінің мас не сау екені тоқтатылған жерде, небәрі 10 минутта анықталады. Мас күйінде көлік тізгінін ұстағандар 1-ші рет ұсталғанда куәлігінен 3 жылға айырылады. Ал үшінші мәрте мас ұсталса куәлігін 10 жылға тапсырып, 30 тәулікке қамалады. Әрине заң талабы бұлжытпай орындалса. Өйткені 6 адамды қағып, біреуін жазым еткен жүргізушінің небары 40 күнге қамалып, ал абайсызда темекі тұқылын 2 рет қоқыс жәшігінен қиыс тастаған студенттің бірден 30 күнге темір торға түскенін жұрт қызу талқылап жүр. Алайда Сенаттағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы қоғам әлі талқылап жатқан Үсеновке қатысты істі қайта қозғауды қисынсыз көреді. СЕРІК АҚЫЛБАЙ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: Жәбірленуші айтып отыр менің құқым қорғалды. Маған оның жазасы керек жоқ деп. Маған ақысын төледі деп. Кезінде қазағымыз құн төлеуші еді ғой. Құнын төледі енді оны қайта қайта көтеретін не мәселе. Құжатта қарсы бағытқа шығып кетушілерге қатаң жаза қарастырылған. Ережені бұзып ұсталғандар 1 жылға куәліктен айырылады. Жылдамдықты белгіленген шектен асырса, қатты жүрген сайын ереже бұзушының қалтасы да қаттырақ қағылады. Өйткені айыппұлдар көлемі айтарлық ұлғайтылды. Бірақ мойынға ілінген міндетті төлемді 7 күнге жеткізбей жабатын болсаңыз айыппұлдың тек 50 пайызын төлейсіз. Межелі мерзімді өткізіп алсаңыз, толық төлеуге тура келеді. Жол қозғалысына қатысты мәселені небары 15 минут талқылаған Сенат негізгі заңға 25, іліспе заңға бірден 37 өзгерту енгізіп, заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Ол жақтан қызу қолдау тауып жатса жаңа ережемен жүретін боламыз. Жанболат Серікбай, Нұркен Тоқмурзин.
Похожие видео
Показать еще