Каспий теңізіндегі бекіре балықтарының тұқымы 90 пайызға дейін кеміген

20.06.2015
Каспий теңізіндегі бағалы бекіре балықтарының тұқымы тек қолдан өсіру тәсілі арқылы ғана сақталып қалмақ. Су маржандарының соңғы жылдары тым азайып кетуіне байланысты жабайы ортадағы табиғи өсім мүмкіндігі мүлде төмен. Атырау облысында 2 бірдей бекіре шабақтарын өсіру зауыттары жұмыс істеп келеді. Қазір бұл мекемелерде жылына 7 млн данна қорытпа, бекіре, шоқыр секілді балықтардың шабақтары қолдан өсіріліп, теңізге жіберіліп жатыр. «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытындағы 18 жасанды су қоймасының аумағы 46 гектарды құрайды. Аналық бекіренің уылдырығын қолдан сауып алу әдісі арқылы дүниеге келген шабақтар 15-20 грамм салмақ жинағанша осы жасанды қоймаларда дамып-жетіледі. Жалпы ірі балықтардың бір өзінен млн-даған дана уылдырық алынады. Ғилман Сәрсемәлиев, «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының директоры -Қорытпа балығынан 1 млн үстінде уылдырық алынып, екі тоғанға қазіргі уақытта 600-700 мың шамасында жас личинкалар салынды. Енді бірер күндерден кейін, өзінің стандарттық салмағын алып болғаннан кейін өзінің табиғи ортасына шығару көзделіп отыр. Мамандардың есебі бойынша қазіргі таңда Каспий теңізіндегі бекіре балықтарының тұқымы 90 пайызға дейін кеміген. Сондықтан да теңізге еншілес 5 мемлекет арасында бекірені өндірістік бағытта қолдануға мүлде тыйым салынған. Тек балық өсіру зауыттары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізушілерге ғана рұқсат етіледі. Былтыр күзде бір зауыттың өзі 40 шақты бекіре тұқымдас балық аулаған болатын. Олардың арасында тұқымы жойылып бара жатқан белуга, яғни қорытпа да бар. Майра Зұлқашева, зауыттың бас маманы -Қорытпа – бекіре балықтары арасындағы жойылып бара жатқан тұқым. Сондықтан біз қолға түскен қорытпаларды өзіміздің зауытта тұрақты қалдырып, қолдан асырап-бағуды жоспарлап отырмыз. Егер қолға үйреніп, жасанды тоғандағы өмірге көндігіп кете алса, болашақта ұрпақ өрбітуге мол мүмкіндік болар еді. Көптеген елдерде табиғи ортада жойылып бара жатқан қызыл балықтың ересектерінің өзін жасанды су қоймасында ұстау тәжірибеде бар. Атыраулық зауыттар жасанды ортада өскен бекірелерден алғашқы тұқымды келер жылы алмақ ниетте. Дегенмен зауытта әзірге толық жағдай жасалмағандықтан, тек сирек кездесетін түрлерін ғана алып қалып, өзгесін теңізге кері жіберіп келеді. Ал өткен 10 жылда аймақтағы 2 зауытта жасанды жолмен өндірілген шабақтардың алды бүгінде есейіп, Жайық өзеніне уылдырық шашуға қайта оралып жатқан жайы бар. Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Похожие видео

Показать еще